Жоғарғы Тайынты ауылындағы негізгі орта мектепке есімі берілген ардақты ұстаз Мүтән Таеновтың туғанына 100 жыл толды

308
көрілім
Фотосурет Тайынты ауылының әлеуметтік желідегі парақшасынан

Еңбек жолында жүздеген шәкірт тәрбиелеп, үлкен өмірге дайындаған мұғалімді ауыл халқы жылы естеліктермен еске алды. Қазақ ССР Оқу-ағарту ісінің үздік қызметкері атағын алған педагог өмірінің соңына дейін мектепте ұстаздық жолда еңбек еткен, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Ғұмырын мектепке арнаған сыйлы ұстаздың құрметіне, мерейтойға орай мектеп мұражайы түрлі мұралармен жаңадан жасақталып жатыр. Тұрғындар сөзінше, сұңғақ бойлы, тәртіпшіл мұғалім сыныпқа кіргеннен-ақ оқушыларды баурап алатын. Ұстаздың қызы Римма Таенова балаларының көбі әке жолымен жүргенін жеткізді.

– Физика-математика факультетін бітіріп, осы мектепте бірінші педагогикалық еңбек өтілімді бастадым. Және осы мектепте алты жыл жұмыс істедім. Әкемнің қасында. Ол кісі маған наставник болып еңбек жолын көрсетті, – деді ол.

Сонымен өткен демалыста ҚР Үкіметінің 1997 жылғы үшінші қаңтардағы нөмірі 14/85 Қаулысымен Қазақ ССР-нің 40 жылдығы атындағы мектепке бірнеше орден мен медаль иегері, сыйлы мұғалім Мүтән Таеновтың есімі берілді. Мерейтойға ауданның мәдениет үйлерінен арнайы келген өнерпаздар өнерлерін ортаға салды. Мектеп ұжымы мен оқушылары мерекелік концерт қойды.

Құттықтап келген қонақтар ішінде аудандық білім бөлімінің басшысы, әкімдер, мектептен түлеп ұшқан ғалымдар, ардагер педагогтар бар. Әрқайсы жылы лебіздерін білдіріп, мерейтойға деп сыйларын тарту етті. Оқушылар арнау оқып, мектеп мұғалімдері ұстаз рухына тағзым жасады.

– Математика пәнінен мұғалім болды. Менің әкеммен үзеңгілес жолдас болды. Ол кісі де осы мектепте істеді. 1968 жылы біз 10-ншы сыныпты осы мектепті бірінші болып бітірдік. Сондағы біздің жетекшіміз Мүтән Құсайынұлы болды, – деді ардагер ұстаз Зейне Тоғызақова.

Шараның екінші бөлімінде ауыл тұрғындары ұйымдастырған ұлттық ойындар басталды. Киіз үйлер тігіліп, азаматтар түрлі жарыстарда бақ сынады. Мектеп директоры Асхат Айтқазиновтың сөзінше, бұл кісіден тәлім алған көптеген азаматтарымыз республикамыздың түкпір-түкпірінде түрлі қызметтерді атқаруда.

– Сондықтан бұл күнді біздің мектептің ғана емес, бүкіл ауылымыздың тойы десек болады. Сол кісінің рухын ұлықтау, сол арқылы балаларымызға патриоттық тәрбие беру үшін осындай шараны жүзеге асырып жатқан жағдайымыз бар, – деді мектеп директоры.

Өз тілшіміз