Бір жыл бұрын ел көлемінде жаңадан компания құрылды. Сол уақыттан бері көпшілік оның жұмыс барысына, атқарар қызметіне жіті мән бермегенімен, уақыт өткен сайын жолдағы кемшіліктерді анықтап, нақты сандарды сөйлете бастаған соң тереңірек үңіле түскен. Иә қазір Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы деп аталатын компанияның жұмысы осыған дейін тек республикалық маңызы бар жолдарды тексеріп келсе, қазіргі уақытта жергілікті жолдарды да қамтыған. Осы ретте аталған орталықтың облыстағы филиал директорының пікірін тыңдап, аз-кем мәлімет ұсынуды жөн көрдік, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Мекеменің міндеті қандай?
Жалпыға ортақ мәлімет болар, орталықтың басты мақсаты – жол сапасын тексеріп, жолдарға диагностика жасау. Орташа жөндеу жұмыстарының құжаттарына сараптама жүргізіп, жаңа технологиялар енгізу.
– Бұдан бөлек, төтенше жағдай кезінде мобилизация жасау да біздің міндетіміз. Халықаралық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын талапқа сай дайындауды жұмылдыру шараларын жүзеге асыру және жол-көлік инфрақұрылымының қауіпсіздігін бақылау басты назарға алынған, – дейді ШҚО бойынша «Жол активтерінің ұлттық сапа ортылығы» РММ филиалының директоры Ержан Аязбаев.
Жұмыс сәтінен
Содан бері жүздеген шақырым жолдарға тексеріс жүргізіліп, кемшіліктер табылды. Жалпы өңір бойынша Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы өткен жылы мамыр айының 23-інде жұмысын бастаған. Ержан Әсемханұлының сөзінше, облыс көлемінде республикалық маңызы бар жол желілерінің ұзындығы – 3414 шақырымды құрайды. Осы уақытқа дейін 742 рет тексеріске шыққан филиал мамандары 879 талапқа сай келмеушілікті анықтаған. Сырт көзге жұмыс барысы белгілі бір уақытта жол бойын торуылдап, арнайы құрал-жабдықтар арқылы қандай да бір көрсеткіштерді тиісті орталықтарға жіберіп қана шектелетіндей көрінуі мүмкін. Әйтсе де, мұның артында жауапкершілік жүгі мен математикалық дәлдікті қажет ететін тұстары бар. Айталық, асфальттың қалыңдығы, көлденең еңістігі сынды параметрлер олқылық жіберуді кешірмейді. Себебі тексеріс жұмысы жүргізілген соң деректер өңделіп, Нұр-Сұлтан қаласындағы орталыққа жіберіледі. Жалпы мамандардың жедел әрі дәл деректер мен мәлімет ұсынуына қарай кейін жол жөндеуге тапсырыс берушілер нақты қай учаскенің жөндеуді қажет ететіндігінен хабардар болады. Осы ретте филиал басшылығы республикалық маңызы бар автожолдарды жөндеу нысандарын ұсынды:
№ |
Жөндеу нысандары |
Саны |
1 |
Қайта жаңарту |
23 |
2 |
Күрделі жөндеу |
2 |
3 |
Орташа жөндеу |
3 |
4 |
Ағымдық қалыпта ұстау |
15 |
5 |
Кепілде тұрған телімдер |
30 |
Аспаптар автоматты түрде тексереді
Маусым айында облыс аумағында жылжымалы жол зертханасы бірнеше мәрте республикалық маңызы бар жолдарға тексеріс жүргізіп, заманауи құрал-жабдықтардың мүмкіндігін кезекті мәрте байқады. Ол кезде «Өскемен-Алтай» бағытындағы республикалық маңызы бар жолдың жоғарыда мысал еткендей, көлденең еңістігі мен тегістігі тексерілді.
– Жылжымалы жол зертханасының жұмыс істеу тәртібі, «Жылжымалы зертханалық кешендермен автомобиль жолдарының көліктік-пайдалану жай-күйін аспаптық тексеру» ҚР Ұ 218-136-2017 ұсынымдары бойынша жұмыс істейді, – дейді Ержан Аязбаев. – Арнайы құрылғылармен жабдықталған Mersedes автокөлігі жол жамылғысы мен жол жиегінің жай-күйін аспаптармен автоматты түрде жүріп өту арқылы тексереді. Басқаратын мамандардың міндеті – жүру барысында зертхана аспаптарының дұрыс реттеліп, жұмыс істеуін қадағалау.
Зертханашылар асфальттің қалыңдығын тексеруде
Жаңа жабдықтардың мүмкіндігі
Сол кезде мекеме инженері арнайы құралдардың көмегімен қолға алынған жұмыстың ерекшелігі мен күрделілігін таныстырған болатын. Филиал директоры биыл RTFOT (битумның ескіргенін анықтайды) және PILOT (бетон сынамаларының беріктік шегін анықтайды) сияқты жабдықтар сатып алынғандығын мәлімдеді. Сөз жоқ, бұлардың мүмкіндігі расымен де жоғары. Жолдарды диагностикалық және аспапық тексеру де өз деңгейінде өткізіліп келеді. Осы ретте биыл қайта жаңарту жұмыстары бойынша «Алматы-Өскемен», «Омбы-Майқапшағай» тас жолдарының 869 шақырымы, ал орташа жөндеу бойынша барлығы 85 шақырым жол тексеруден өткізілген. Ержан Әсемханұлының сөзінше, биылға белгіленген жұмыс жоспары толықтай атқарылды.
Бір айта кетерлігі, тексеріс жүргізілген соң бірнеше күн ішінде қорытындысы әзір болмай араға бір айдай уақыт қажет. Осыдан барып орталық мамандары ұлттық сапа орталығына кесте жіберіп, жылына қанша шақырым жолды жүріп өту керектігін белгілейді.
Әділхан ЕСІМХАНОВ