Жол апатына ұшыраған жерлесіміз Алена Кутявинаның өмірге оралуына серпіліс берген не?

1538
көрілім

Үлкен спортқа жасы жиырманы алқымдап барып келсе де кейін Олимп шыңына шығып, я болмаса ел-жұрт есінде қалар ерен жетістікке жеткен таланттардың өмір жолы бір бөлек те, бала күнінен қолды-аяққа тұрмай, мақсатына жету үшін бір тынбайтындардың ғұмыр-ағысы бір бөлек. Бұл мақалада тағдыр талайы көтеріп кеп құлатып, күлдіріп кеп жылатқан қайсар бұрымдының өмірлік ұстанымы, құлап-сүрінумен қатар тағдырдың соққысына төтеп берген жерлесіміз жайлы жазылады. Қысқы спорттан хабары барлар қардан ұшқын шығады дегенге сенсе, былайғы оқырман үшін оның барлығы қиял-ғажайып құбылыс болар. Ал Алена Кутявинаның қар бетімен бар екпінімен ызғыта, өзін әсіресе экстермалды спорт түрінен суда жүзген байлықтай сезінгендігіне қазір ешкім сенбес. Барлығына себепші – кенеттен болған жол апаты.

Жастайынан жылдамдықты ұнатады

Жасөспірім күнінен-ақ жеңіл-желпі жарақаттарды елемей, әркез тәуекелге барып жүрді. Айнала ақ көрпесін жамылғанда арқасы қозатын бұрымды ауыр жарақатты сүйікті спортымен айналысып жүріп емес, нақ сол жол-көлік оқиғасы салдарынан алды. Сол уақытта өмір арнасынан шығып, уақыт шіркін, тоқтап қалғандай болды…

Әрі қарай шарасыздық, арбаға таңылу, түңілу – кейіпкерімізді жан-жақтан қайғы қаумалап алды. Дегенмен басына түскен сынаққа мойынсұна салу Аленаның табиғатында жоқ-тын. Сенесіздер ме, етек-жеңін жинап, еңсесін көтерген соң үстел теннисінен еліміздің спорт шебері атанып, артынша паралимпиададан облыс құрамына қабылданды. Ал түптің-түбінде қайтадан шаңғыға тұрып, қар патшалығында құлашын қайта кеңге жаюды мақсат тұтады.

13 жасына дейін Өскемендегі Жоғары спорт шеберлігі мектебінде жаттықты.

– Тау шаңғысы мен сноубордқа келгенде алдыма жан салмайтынмын, – дейді спортшы. – Жасөсіпірім кезімде Риддер қаласындағы спортта дарынды балаларға арналған республикалық мектеп интернатына түсіп, сол жерде бірнеше жыл оқыдым. Жоғары жылдамдық пен ұдайы қимыл-қозғалыста жүргенді, тауға шыққанды жаным сүйеді. Осыған дейін оңбай құлап, қол-аяғым сынған кездер де болды. Бірақ бұл әр спортшының басынан өтеді, онсыз спорттың құны төмен шығар, сірә. Әр жарақатыма өзімше сабырмен, философиялық көзқараспен қарадым. Тіпті қарапайым тыртықтың өзі де әр береді ғой адамға?! 2008 жылы кезекті жаттығу барысында иығымды шығарып алуыма байланысты кәсіби спорттан қол үзуіме тура келді. Ол уақытта колледжде оқып жүрдім. Әйтеуір спортпен ұштасып жатыр ғой деп туризм мамандығы бойынша білімімді жалғастырдым. Гид ретінде сынап, өзімді жаңа қырымнан ашқым келді.

«Енді жүре алмайсың»

Арада жыл өткенде Алена қала сыртында жол апатына ұшырап, қас-қағым сәтте бар ғұмырын көз алдынан өткізіп үлгерді. Мұның барлығы жерлесіміздің диплом қорғауына санаулы күн қалғанда болған еді. Омыртқа жарақатын алып аяғы ешнәрсе сезбеді. Алайда жанарындағы жалын мен бойындағы жігер оты әлі сөнбеген болатын. «Ауруханада аз-кем жата тұрған соң үйге шығаратын шығар. Сәл ес жиып алған соң колледжге барып, дипломымды қорғаймын» деді іштей. Ол ол ма, жарақаты өзі ойлағандай жеңіл болмай, ауруханада төсекке таңылып бір жыл жатты. Жергілікті дәрігерлер үміт қылын қиып жіберіп, еш мүмкіндік жоғын алға тартқан. «Жүріп кетемін деген ойдан арыл, оған титтей де мүмкіндік жоқ» деген лепестер спортшының санасын әп-сәтте торлап алды. Алена ол уақытта аяғын мүлде сезбей, тіпті өз бетімен отыра да алмады. Ал қайсар қыз ақ халаттыларға қасарысып, «Жо-жоқ, мен аяққа тұрамын!» деп сенім желкенін биіктете берді. Мұндайда мүмкін емес ешнәрсе жоқтығын анасы қайтара айтып, бір сәт те жанынан кетпеді. Жол апатына түскен соң арада бір жыл өткенде анасы мен қызы елордаға бет алды. Жасалған ота сәтті шығып, болашақ паралимпиадашы өз бетімен отыра алатын жағдайға жетті. Тіпті, әлденеге сүйеніп, орнынан тұрып та көрген екен. Ғажап!..

– Анам барлық тұрғыда қолұшын созды. Мен үшін Оңалту орталығының білікті мамандары мен емдік дене шынықтыру мұғалімдерін іздеді, – дейді Алена. – Әсіресе, жігерімді жанып, ешқашан рухымды түсірмеуге шақырды. Сенесіздер ме, барлығы лезде оңала түскені соншалық, күндердің бір күні аяққа тұрып кететініме кәміл сенімді болдым. Дипломымды алып, әрі қарай мамандық бойынша жұмыс істеймін деп ойладым. Дегенмен өзгерген дәнеңе де жоқ... Арбада отырып спортпен айналысуға болады деген кәперіме де келмеді. Жұмыс табылмай, ақыры ауыр күйзеліске ұшырадым. Өмір ағысы арқама ауыр жүк артты…

Ой-пайымы өзгерген сәт

Кейіпкеріміз осыны айта келіп, 2013-2016 жылдары қалың тұман қаумалаған сәтке бір ойысты. Айтуынша, үйден ұзап шықпай, күнін төрт қабырғаға қараумен өткізген. Жер үйде тұрып, сыртқа шығу ықтималдығы жоғары болғанымен күн көзіне шомылудың реті болмады. Баспалдақтардың тым биік қойылуы барды жоқ етіп, мүгедек арбасымен көтеріліп-түсу мүмкін болмады. Осыған байланысты төмен түсерде ұстану үшін мықты тіреу орнатып беріпті.

– Ата-анамның көмегімен тысқа шыға бастадым. Обалы кәнеки, таза ауамен тыныстап отырсам да әрі қарай қозғала алмаймын. Қаладан шеткерірек орналасқан Гавань жақ еді бұл. Ал онда бірде бір саябақ, не бір скверь де жоқ. Көлігіміз де болмады. Сондықтан бір күннің ертеңгісінен бәлендай айырмашылығы болмады.

Дүние-керуеннің көші 2016-шы жылы ғана оңала бастады. Алена бар-жиған тергенін солтүстіктегі көршімізге барып жұмсады. Ресейдің Бердск қаласындағы Оңалту орталығына барып, өзі үшін бірқатар маңызды дүниелердің барына көз жеткізді. Ол жақта өзі сияқты ерекше күтімді қажет ететін он шақты адамды жолықтырды.

– Ой-пайымым мүлде басқаны ойлап, бөлекше қорыта бастады, – дейді Алена. – Көп жылдан бері арбаға таңылғандар қатарында екенім есіме түсіп, айналама тағы бір көз салдым. Мұңдастарым әлденеге қызығушылық білдіріп, кейбірі араларынан қыл өтпес досқа айналған. Өмірлік серіктерін тауып, бала сүйгендері де бар. Хобби тауып, үлкен спортқа аяқ басқандардан бөлек, ауыз толтырып айтарлық жетістікке жеткендер де жоқ емес еді. Қысқасы, өмір сүруге болады, жо-жоқ, сүюге, қала берді ел қатарлы ғұмыр кешуге болады.

Аленаның алғашқы алтыны

Отанға оралған бойда кейіпкеріміз кездейсоқ үстел теннисі үйірмесіне жазылған. Теннис ракеткасын балалық шағының балғын сәттерінде қолға алғаны болмаса, іске шындап кіріспеген. Ендігі сұрақ: арбада отырып үстел теннисін қалай ойнамақ, әрлі-берлі ұшқан шарикті қалай алады? Бұл да уақыт еншісінде екен. Алдымен шарикті ойынға қосу, оны қабылдау, сәті түссе сәл еңкейіп қорғаныста ойнау – осының барлығы кезең-кезеңімен жүзеге асқан-ды. Бастысы, үміт ұшқыны қылаң берді!

2017 жылы өзінің алғашқы республикалық турниріне жол тартса, араға екі жыл салып, Атырауда өткен аламанда алдына жан салмай, алтын медаль иеленді! Бір жылдан кейін спорт шебері атанып, іле үстел теннисінен ШҚО паралимпиада құрамасына алынды. Дәл осы жылы Аленаға жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы жұмысқа тұру жайлы ұсыныс білдірді. Кейіпкеріміз ортопедиялық өнімдер әзірлеп, тапсырыстар қабылдай бастады. Тағы жарты жыл өткенде жерлесіміз инжинирингтік компания маманы болып шыға келді. Демек, Алена бұдан былай біліктілігі бір басына жететін маркетолог атанды деген сөз!

– Біздің бөлімде арбаға таңылған бірнеше адам жұмыс істейді. Оған қоса, компания басшылығы да бар керек-жарақпен қамтамасыз етті. Айталық, пандус, кеңінен ашылатын есіктер және тағы басқалары, – дейді Алена. – Мұндай мүмкіндікте жұмыс істеудің өзі бір ғанибет!

Қысқы спортқа қайта оралмақ

Қазір Аленаға еркін тыныстауға еш кедергі жоқ. Бұрынғыдай ішіндегі мұң-наласын көз жасымен шайып, аздап жеңілейіп қалатын жартыкеш көңілі басқаны қалайтындай. Арманы – ысқы спортқа қайта оралу. 2019 жылы шанаға отырып көрді. Өлшемі келмеді. Сәл кеңдеуін іздестіріп көрсе, бірнеше жылдан бергі арманы орындалуға шақ қалатындай. Жылдамдықты жаны сүйетін Алена топты көрсе тыпырши бастайтын тұлпардай жұлдызды сәтін әлі күтумен келеді. Жарақаттан ада болса, сол ойын іске асыруына сәл-ақ қалды. Қайсар жан қазірден соған ақша жинауға кірісіп кетті. Ендігі қысқы маусымға дейін үлгере ме, жоқ па белгісіз, әйтеуір ол мақсатына да өз күшімен жетуге ниетті. Бұрымдының бар арман-тілегі орындалса екен деп тілейміз біз де.