Өткен жылдың 20-шы қазанында Көкпекті ауданы, Құлынжон ауылында таңғы уақытта малымды табынға қосып, бақташыға тапсырдым. Менің бұл сөзімді растайтын бірнеше куәгерлерім де бар. Дәл осы күні сағат 10.20-да маған учаскелік полиция қызметкері келіп, жолға шығып кеткен мал жол бойындағы бір көлікке соғылғанын айтты. Ал бақташы болса ол малды бақпағанын алға тартты. Көкпекті ауданы, Құлынжон, Бастаушы ауылдық округтерінің учаскелік полиция қызметкері барлық кінәні маған тағып, «бұл түсініктеме негізінде жазылған» деп бір қағазға қол қоюымды сұрады. Еш ойланбастан оның сөзіне сеніп, ұсынған қағазына қол қоя салдым. Сөйтсем, учаскелік полиция қызметкері менің сөзімді мүлдем өзгертіп жіберген екен. Соның салдарынан малымның көлікпен соғылғанына мен кінәлі болып шықтым. Білгім келетіні, полицейдің тұрғындарға кез келген қағазға қол қойдырар алдында түсіндіру жұмыстарын жүргізуге міндетті ме? Тас жолға шығып кеткен мал көлікпен соқтығысса, заң алдында жауап беретін бақташы ма, әлде мал иесі ме?
Көкпекті ауданынан тұрақты оқырман
Сіздің сауалыңызға ШҚО ІІД МТАБ басшысы Бақытжан Торғаев жауап береді:
– Полиция қызметкерлері тұрғындарға кез келген қағазға қол қойдырар алдында түсіндіру жұмыстарын міндетті түрде жүргізуі керек. Көкпекті АІІБ Самар ПБ Жергілікті полиция қызметі учаскелік полиция инспекторы оқырманның берген түсініктемесіне өзгертулер енгізбегенін хабарлаймын. Мал қараусыз жіберіліп, жол үстінде көлікпен соқтығысса заң алдында мал иесі жауапты. Егер мал иесі бақташымен заң жүзінде шарт жасасқан болса бұл ретте бақташы жауапкершілік жүгін арқалайтын болады.
Көкпекті ауданының тұрғынына өзінің жекеменшік малын табынға әкеліп қоспай, малды қараусыз бос жібергені үшін ӘҚБК-нің 615-бабы, 2-бөлімімен әкімшілік хаттама толтырылды. Сондай-ақ, полиция қызметкерлері мал иелеріне малдарын жол бойында көліктермен соқтығысудан, ұрлықтан, жоғалудан сақтау үшін еркін жайылымға қараусыз жібермеуге, бақташымен шарт жасасып, малды ұйымдасқан түрде бағуға кенес береді.