«Өскемен-1» вокзалы келер жылы күрделі жөндеуден өткізіліп, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған қондырғылар орнатылады.
Вокзал ғимаратында жуырда ғана жөндеу жұмыстары жүргізілген болатын. Дегенмен, өздігінен жүріп-тұруға қиналатын жандарға қолайлылық жағы қарастырылмаған.
– 2019 жылдың қаңтарында «Өскемен-1» стансасында «Цифрлық вокзал» жобасы іске асырылады, - дейді «Қазақстан Темір Жолы» ҰК» АҚ филиалы - «Семей магистральдық желі бөлімі» директорының орынбасары Ерлан Битеміров.
Оның айтуынша, жоба аясында вокзалдар вандалдарға қарсы көмек шақыру батырмаларымен, тактильді пиктограммамен, ғимаратқа арналған тактильді-дыбыстық сызбалармен, жолаушыларға арналған шұғыл байланыс қондырғыларымен, Брайль әліппесіне негізделген бедерлі тақтамен, навигация мониторларымен, арбаларды вагонға шығаратын көтергіштермен жабдықталады.
Айбын АМАНГЕЛДІҰЛЫ