Жұмыста алған жарақаттың өтемақысын қалай аламыз?

609
көрілім

Біз Өскемен қаласындағы монтаждаушы фирмада жұмыс барысында жарақат алған едік. Белгісіз себептермен ұзақ уақыттан бері фирма басшылығы өтемақы төлемей келеді. Тиесілі ақшамызды заңды түрде қалай аламыз?

Тұрақты оқырман

ШҚО бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы 2015-2017 жылдар аралығында монтаждаушы фирма жұмысшыларынан денсаулығына зиян келу бойынша төленетін өтемақының берілмей жатқандығы туралы ешқандай арыз-шағымның түспегенін хабарлады.

ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінде төлемақы төлеуді кешіктіруге қатысты әкімшілік жазалау қарастырылмаған, тек анықталған кемшіліктерді жоюға ескерту беру қарастырылған, – дейді басқарма басшысы Бақытбек Қизатов. – Егер жұмыс беруші келтірілген залал бойынша өтемақыны төлемесе, жұмысшы кезектен тыс тексеру өткізу жөніндегі жазбаша өтінішті Өскемен қаласы, Карл Либкнехт көшесі, 19 үй мекенжайына жолдап немесе 8 (7232) 25-65-52 телефон нөмірі бойынша қоңырау шала алады. Кезектен тыс тексеру өткізілгеннен кейін белгілі уақыт ішінде анықталған кемшіліктерді жою жөнінде ескерту беріледі. Егер бұл ескерту орындалмаса мемлекеттік еңбек инспекторы қайта тексеріс өткізіп, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 462-бабы бойынша әкімшілік өндіріс қозғайды. Тексеріс жүргізу үшін ҚР Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес өтініште тексеру өткізілетін нысанның атауы, оның орналасқан мекен-жайы, сәйкестендіру нөмірі, аумақ учаскесі, сондай-ақ тексерілетін кезеңді көрсетуді қосымша хабарлаймын.