2024 жылдың 1 шілдедегі жағдай бойынша 8 758 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алды. Жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1 млн 137,1 мың этникалық қазақ оралды. Жыл басынан Қазақстанға келген қандастардың жартысы (49,5%) Қытайдан, 34,7% – Өзбекстаннан, 5,9% – Түрікменстаннан, 5,3% – Моңғолиядан, 3,3% – Ресейден және 1,3% басқа елдерден келген. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлім етті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі, Kazinform.kz сайтына сілтеме жасап.
2024 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар 59%-ды, еңбекке қабілетті жастан кіші 31,1%-ды және зейнеткерлер 9,9%-ды құрайды.
- Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша 17%-ы жоғары білімді, 23,2%-ы орта кәсіби білімді, 55,2%-ы жалпы орта білімді, және 4,6%-ының білім жоқ, - делінген хабарламада.
Қоныс аударған этникалық қазақтар республиканың түрлі өңірлеріне қоныстанды. Сонымен бірге, қандастарды қоныстандыру үшін келесідей еңбек күші тапшы өңірлер анықталды: Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары.
Жыл басынан бері 1579 қандасқа түрлі қолдау шаралары көрсетілді. Атап айтқанда, 456 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды.
2023 жылдан бастап пилоттық режимде Қазақстан елшіліктері арқылы «бір терезе» қағидаты бойынша қандас мәртебесін беру тетігі іске асырылды. Пилоттық жоба шеңберінде елімізге бару, жұмыс орны, тұрғын үй беру мүмкіндіктері туралы мәселені шешуге және республика аумағына кірмей-ақ қандас мәртебесін алуға болады. Бүгінгі таңда этникалық қазақтардан жаңа форматта 10 993 өтініш қабылданды.