Жыл басынан бері ШҚО-да дала өртінің 216 жағдайы тіркелді

533
көрілім
Қазір өрт шығу қаупінің барынша артатын кезеңі басталды. Әсіресе дала және орман шөптерінің жануы жиі кездесіп жатады. Өткен жылы облыс бойынша 7 рет далада өрт тіркелсе, биыл 1 жағдай орын алып отыр. Ал дала шөбінің жану фактісі 2016 жылы 1700 рет тіркелсе, 2017 жылдан бері бұл бағытта 216 жағдай анықталған. Бұл жайлы бүгін ШҚО Ақпараттық орталығында өткен баспасөз брифингі барысында облыстық ТЖД өрт сөндіру қызметі басшысының орынбасары Дмитрий Титов мәлімдеді, деп хабарлайды buqara.kz сайтының тілшісі.

Өрт шығу қаупі артқан осы кезеңде ШҚО ТЖД өрт сөндіру қызметінің жеке құрамындағы 800 адам күн сайынғы кезекшілікке шығуды бастады. Ауқымды өрттер орын алып, табиғатқа қауіп төніп жатса, кезекші қызметшілердің саны 1600-ге дейін өседі. Олардың тілсіз жауды заласыздардыратын 232 өрт сөндіру көліктері де сақадай сай дайын тұр.

Соңғы аптада Өскемен қаласындағы тек бір өрт сөндіру бөлімі 10-20 рет өртенген дала шөбін өшірді. Кейде бір уақытта бірнеше орында дала шөбі өртеніп жатады. Сондай кезде өрт сөндіру қызметкерлері бір жердегі өртті сөндірген соң, дереу келесі жерге баруы керек. Айта кетерлігі, ақырғы уақытта саяжайларда орын алған өрт саны артуда, – дейді қалалық ТЖБ баспасөз хатшысы Марина Лискова.

Дала өртінің бірден-бір салдары – тұрғындардың немқұрайлылығы. Көлік терезесінен дала шөбіне лақтырылған кішкентай ғана-ақ темекі тұқылы үлкен өрттің пайда болуына әкеліп соғуы әбден мүмкін. Осы ретте ШҚО ТЖД тұрғындарды барынша абай болуға шақырады.

Талғатжан МҰХАМАДИЕВ