Жыл джентельмены: Жарақат алған семейлік палуанды кілемнің шетіне көтеріп апарған қарсыласы көрермен ілтипатына бөленуде

554
көрілім

Жуырда Алматыда өткен күрес түрлерінен ел чемпионатының грек-рим бәсекесінде бозкілемге беттеген семейлік спортшы ауыр жарақат алған болатын, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Қос мықты финалда жолықты. Семейлік Ернар Фидахметов мен қызылордалық Айдос Сұлтанғали арасындағы текетіресті тамашалауға асыққандар легі мол еді. Әрине, спорт кешеніне кіргізбеді ешкімді, әлеуметтік желіден тікелей эфир арқылы тамашалап, палуандар бәсекесінен шет қалмауға тырысты. Жерлесіміз жартылай финалда Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Мейрамбек Айнағұловты ұтып, алтын медальді сарапқа салу мүмкіндігіне ие болды. Сөйтіп 60 келінің шешуші сынында жолы Айдоспен түйісті. Кім білсін, оқыс жайт болмағанда алтын медальді Фидахметов тағар ма еді мойынға? Амал нешік, қарсыласына әдіс жасаймын деп әрекеттенгені сол еді, оң тізесін қарсыласы басып қалып, өзі шалқасынан құлай кетті. Кездесуді жалғастыруға Айдос та құлық танытпады. Түр-әлпетінен кілемдегі қарсыласы, бозкілемдегі досына деген жанашыр бейнесі аңғарылды. Есеп 3:1, қызылордалық спортшы чемпион атанды. Алайда маңыздысы ол емес. Ауыр жарақаттан аяғын баса алмай қалған Ернардың жанына келіп көтеріп алған Айдос бозкілемнің шетіндегі орындыққа әкеліп, жарқын белдесу көрсеткені үшін алғысын жеткізіп, бауырына басты. Қош. Шығысқазақстандық палуан чемпионаттың күміс жүлдесін иеленді. Десе де медальдан да маңызды жайт: Ернардың жарақаты қаншалықты ауыр? Жуық арада қатарға орала ма?

Айдос танытқан адамгершілік әп-сәтте әлеуметтік желіде желдей есті. Тіпті кейбір спорт порталдары қызылордалық палуанды «Жыл джентельмены» деп те атауда.