Жылу үш күнде жетті

790
көрілім

Аягөздегі жылынбайтын пәтерлерге жылу молынан беріле бастады, деп хабарлайды газет тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Бұған дейін 40 мың халқы бар Аягөз қаласында қыс ортасынан аумай жатып жылу мәселесі туындаған болатын. Демалыс күндері оқиға орнына облыс әкімінің орынбасары Серік Ақтанов барып, түйткілді мәселелермен тікелей танысып қайтты.

- Қазандықтың қожайыны жылдар бойы мұнда ақша салмаған. Соның салдарынан қондырғылардың тозығы жетіп, қыс ортасында сыр берді. Қазандық дұрыс пайдаланылмай отырғаны мәлім болған соң Өскемен мен Семейден, Глубокое ауданынан кәнігі мамандарды әкелдік. Енді 2-3 күннің ішінде қажетті деңгейде жылу берілетін болады - деді Серік Ақтанов.

Қазандықтың жылу алмастырғышы сыр беруі мүмкін екенін аудан басшылары о баста білсе керек. Жаңа жылға дейін оны жаңалауға қажет материалдың бәрі сатып алынған екен. Семейден келген топ жетекшісі Виталий Иванов қазір бітелген түтіктерді тазалап, жылу алмастырғышты жаңалауға кірісіп кеткендерін айтты.

Үш күннен соң жылу тұрғын үйлерге молынан беріле бастады.

- Демалыс күні электр пешінсіз-ақ үйдің температурасы 15°C болды. Бүгін аяз күшейгендіктен қайта пеш қосып қойдық, үйдің температурасы 18 °C болып тұр. Дәл аяз түскен шақта мәселе реттелгеніне тәубе айтып отырмыз. Балам науқастан айығып еді, өзім тұмауратып қалдым. Қазір жылу батареялары қол тигізбейді. Бізге осындай жылу берсе жетіп тұр - дейді Индира Мұхамадиева.

Азамат ТЕМІРБЕКОВ