Елімізде жыл сайын 1 мыңға жуық ата-ана өз құқықтарынан айырылады, одан бөлек 40 мың ата-ана мен заңды өкіл балалар құқығын бұзғаны үшін әкімшілік жазаға тартылады. ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында мәлім етті, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Жыл сайын 40-тан астам ата-ана мен заңды өкілдер кәмелет жасына толмаған балалардың құқығы мен заңды мүддесін бұзғаны үшін әкімшілік жазаға тартылады. Сол секілді сот арқылы жыл сайын 1 мыңға жуық адам ата-аналық құқығынан айырылады. Бүгінгі таңдағы балалар құқығына қатысты басты проблема – оларға қарсы зорлық-зомбылық пен күш қолданудың тоқтамауы. Осы жылдың 8 айында кәмелет жасына толмаған жасөспірімдерге қатысты 589 қылмыстық іс тіркелді», - деді Марат Қожаев.
Сондай-ақ, вице-министр балаларға зорлық көрсетуге қатысты қылмыстық жауапкершілікті қатайту бағытындағы заң жобасын әзірлеу қолға алынғанын айтты.
«Қазіргі уақытта балаларға зорлық-зомбылық көрсеткен 1,5 мың адам түзеу мекемелерінде өз жазасын өтеп жатыр. Сонымен қатар, бала құқығына қатысты тағы бір мәселе - олардың қараусыз қалуынан немесе бос уақытының көп болуынан түрлі бағыттағы оқыс оқиғаға тап болуы. Биыл 286 бала ажал құшты. Оның 16-сы - өрт салдарынан, 124-і суға кетіп қайтыс болды және 146 бала жол-көлік апатынан мерт болды», - деді ол өз сөзінде.
Айта кетейік, бұған дейін М. Қожаев елордада өз баласын ұрып өлтірген әйелге қатысты соталды тергеу жүріп жатқанын мәлім етті. Одан бөлек, министрдің орынбасары балаларға зорлық-зомбылықты көбінде кім жасайтынын айтқан болатын.