Зымырайды жұлдыз

324
көрілім

2019 жылы аспан әлемінде бірқатар өзгерістер орын алып, үш рет Күн, екі рет Ай тұтылады.

Биылғы жыл Күн мен Айдың көп тұтылуымен ерекшеленбек. Атап айтсақ, екінші шілде күні Күн бетін толықтай Ай жабады. Бірақ бұл құбылысты Тынық мұхитының оңтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан аралдар тұрғындары мен Чили және Аргентина мемлекеттерінің тұрғындары ғана көре алмақ. Бізде бұл уақытта түн ортасы болып тұрады.

Сондай-ақ жыл бойы жұлдыз аққан түндер саны көп болмақ. Квадрантид, Акварид және Драконид метеор ағымдарын өңір тұрғындары 4 қаңтарда, 6 мамырда және 3 қазанда көре алатын болады. Аспан денелерін зерттеуші ғалымдар әсіресе көктемгі жұлдыз ағысын таңғы уақытта, аяқты солтүстікке созып қойып көруге болатынын айтуда.

Ал қазан айында Жер шары Драконид метеор ағысына тап болады. Бұл күні жұлдыз ағысы сағатына 1000 жұлдыздан асуы мүмкін. Драконидтер өте тез ағатын жұлдыздар болғандықтан, тұрғындар бұл көріністі 9 қазан күні оларды түн жарымда аспанның солтүстік-батыс бөлігінен бақылай алатын болады.

Азамат ТЕМІРБЕКОВ