Зырян ауданы әкімдігі кәсіпкерлерге кешіктірген берешекті өтеп беретін болды

623
көрілім

Зырян ауданының бірнеше құрылыс ұйымдары облыс прокуроры Бағбан Таимбетовқа арызданған. Кәсіпкерлер Зырян ауданы әкімдігі 2015 жылы көктемгі су тасқыны кезінде бірнеше құрылыс ұйымдарынан көмек сұрағанын хабарлаған. Алайда уақтылы көмекке қарамастан, құзырлы орган кәсіпкерлердің өзіне тиесілі қаражаты қайтпай қалғанын анықтаған, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі ШҚО прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бойынша Кеңестің отырысында аталған мәселе талқыға түсті. Аудан әкімдігі мен кәсіпкерлер арасында құм үймелері мен бөгеттерды жедел жасау үшін актілер ресімделген. ШҚО прокуратурасының анықтауынша, кейіннен жергілікті әкімдік мемлекеттік сатып алу келісімшарты жасалмаған деп, атқарылған жұмыстарға ақша төлемеген.

Атап өтерлігі, ҚР «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңына сәйкес, атқарушылық билік органдары тендер өткізбей, әлеуетті мердігерлермен келісімшарттарды жасай алады. Көктемгі су тасқыны – төтенше жағдай болғандықтан, келісімшарттар жедел тәртіпте жасалады. Прокуратура заң бұзушылықтарды жойып, нәтижесінде, бірнеше құрылыс ұйымдарына 30 млн. астам теңге төленді.

Мейрамбек Қосажан