Зырян ауданында полиция қызметкерлері кінәсіз адамды қылмыстық жауапкершілікке тартпақ болған

562
көрілім

Құқыққорғау органының екі қызметкері Зырян ауданы, Серебрянск қаласының тұрғынына жасамаған қылмысты мойынға алуға мәжбүрлеген. Олар ер адамға «бұл қылмыс үшін жазаға тартылмайсың» деп уәде берген. Сөйтіп, полиция қызметкерлері ішкілікке салынған әйелді жәбірленушінің кейпіне енуге көндірмек болады, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Сот ішкілікке салынған жергілікті әйелді наркологиялық динпансерде ұзақ уақыт бойы емдетуге шешім шығарған. Алайда медициналық сараптамалардың болмауы салдарынан ол азаматша емделуге бара алмапты. Бұл жайтты естіген полиция инспекторы мен оның көмекшісі осы жағдайды өз мүдделеріне пайдаланбақ болады. Полицейлер ашылған қылмыстың санын көбейту үшін жалған қылмыстық іс ашуды жоспарлайды. Олар ащы суды серігіне айналдырған әйел адамды жәбірленушінің рөліне кіруге көндірмекші болған. Инспектордың көмекшісі «алюминийден жасалған табамды ұрлап кетті деген сипатта арыз жаз» деп әйелді көндірмекке тырыспады. Мұнымен қоса, полиция қызметкері бұл үшін тергеу амалдары жүргізілмейтіндігін айтқан. Әйел бас тартқаннан кейін полиция қызметкері ол жерден кетіп қалады.

Араға біраз уақыт салып полиция қызметкері көшеде кездейсоқ кездестірген ер адамға қолдан жасалған қылмыстың себепшісі болуды ұсынады. Өзінің теріс пиғылын жүзеге асыру үшін инспектордың көмекшісі оған да «іс бітімгершілікпен аяқталады» деп уәде береді.

Осыдан кейін «жәбірленушінің» кейпіне енген әйел жазған арызында танысымен бірге отырып ащы судан ұрттағанын көрсетеді. Сондай-ақ, кеш соңында танысы оның алюминийден жасалған табасын ұрлап кеткендігін жазған. Ал ер адам болса бұл қылмысын мойындап, кінәлі екендігін баяндап қағазға түсіреді. Жоспар бойынша әрекет еткен полиция қызметкерлері ер адамның қолына ұрланған затты ұстатып фотосуретке түсіріп алады.

Құрыққа оңай түскен ер адам келесі күні полиция бөлімшесіне шақырту алады. Бұл жерде де ол ойдан құрастырылған ұсақ қылмысын жіпке тізгендей етіп айтып береді.

Арада бірнеше күн өткеннен кейін «жәбірленушіге» аудандық прокуратура қызметкері келеді. Осы жерде үйімде ұрлық жасалды деп жалған шағым түсірген әйел істің мән-жайын жайып салады. Шындық бетке шыққаннан кейін құзырлы орган өкілдері өзін-өзі айыптаған «күдіктіні» шақыртып алған.

Жалған кінәні мойнына алған ер адам сот залында прокурормен сөйлескеннен кейін ғана полиция бөлімінің екі қызметкері өзін алдап соққанын ұққанын айтқан. Олар көп уақыт өтпей іс бітімгершілікпен жабылады деп уәде бергенмен де, құзырлы органдар араласқанға дейін қылмыстық іс жабылмаған екен.

Зырян ауданының №2 соты айыпталушылардың әрқайсысын мәжбүрлі түрде еңбекке тарта отырып, екі жарым жылға бас бостандықтарынан айыруға шешім шығарды. Сондай-ақ, сотталушылар әскери шендерінен де айырылды. Оларға өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге тыйым салынды.