Зыряндағы екі оқушының өліміне қатысты оқиғаның жан түршігерлік мән-жайы белгілі болды

927
көрілім

Шығыс Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Қуаныш Зәбенов Зырян қаласындағы екі оқушы қыздың өліміне қатысты қылмыстық істің мән-жайын мәлім етті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Естеріңізге сала кетсек, Зырян қаласындағы 8 және 17 жастағы екі оқушының өліміне қатысты 25 жастағы сотталушыға 12 мамырда үкім кесілген болатын. Сот үкімімен ол өмір бойы бас бостандығынан айырылды. Сотталушыға қасақана кісі өлтіру, зорлау, тонау секілді Қылмыстық кодекстің бірнеше салмақты бабы бойынша айып тағылған еді. Сот үкімімен сотталушы алғашқы бес жылын түрмеде өтейді. Одан кейін жазасын ерекше тәртіптегі колонияда өтейтін болады.

Судьяның айтуынша, сотталушы жұмыссыз әрі спирттік ішімдікке әуес болған. 2016 жылдың күзінде ЖШС-нің бірінде жұмыс істегенімен, көп кешікпей шығып кеткен. Бұрын сотты болмаса да, зорлау бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Алайда тараптардың татуласына байланысты оған қатысты іс тоқтатылған.

– Өзінің қорғаушысына ол өткен іске өкінетінін айтқан. Сотқа дейінгі тергеу амалдары кезінде бірге болған камераласына қылмысты қалай іске асырғанын айтып берген. Камераласы сотта куәгер ретінде жауап беріп, қылмыскердің жылағанын айтты. Ол өзіне тағылған барлық бап бойынша кінәсін мойындады. Алайда сотта өзінің құқығын пайдаланып, жауап беруден бас тартты, – дейді судья.

Судьяның айтуынша, сотталушының әрекеті кездейсоқтық болмаған. Ол әдейі осы қылмысқа барған. Бірінші қылмысында таңертеңгі уақытта көшедегі бейтаныс қызға шабуыл жасаған. 17 жастағы жәбірленушінің пышақ кезеуінен шошығанын көріп, үйіне алып кеткен. Сотталушы жәбірленушіні зорлағаннан кейін өлтіріп тастаған. Бұдан кейін қылмысын жасыру үшін мүрдені өртеп жіберген. Өртелмей қалған жәбірленушінің сүйектерін балтамен шауып, пешке өртеген. Одан қалған мүрденің қалдығын қапқа салып, арбаға тиеп, үйінен үш шақырым жердегі өзенге ағызып жіберген.

– Сотталушының үйіндегі пештен жәбірленушінің сүйегінің қалдығы табылды. Сараптама жүргізушілер сүйектің қалдығы адамдыкі екенін анықтады. ДНК қорытындысымен қатар, үйдің өзге бұрыштарында адам қанының дағы анықталды. Сараптама жұмыстарын жүргізушілер сол қан дағы 17 жастағы жәбірленушінің қаны екенін растады, – дейді Қуаныш Зәбенов.

Өткен жылдың күзінде сотталушы екінші қылмысын жасаған. Судьяның айтуынша, 8 жастағы мектеп оқушысы аялдамада автобусты күтіп тұрған кезде мас күйдегі сотталушы ауруханадан қайтып келе жатқан. Қар жауып тұрған уақытта аялдамада өзге ешкім болмаған. Қызды кездестіргеннен кейін оған үйіне дейін жеткізіп тастауға ұсыныс білдірген. Бұдан кейін иесіз гараждардың арасымен қызды алып кеткен. Қылмысты үйінде іске асырғаннан кейін иесіз көршілес үйдегі жер төледе мүрдені өртеп жіберген. Бұған қоса, бүкіл жұрт іздеу жұмыстарына жұмылғанда қызды іздеуші волонтер болып та қатысқан.

– Сотта 17 жастағы жәбірленушінің шешесі қызының кісі қолынан көз жұмғанына соңына дейін сенгісі келмеді. Үміті үзілгеннен бе, сот соңында жылап жіберді, – дейді судья.

Мейрамбек Қосажан