Зырян қаласындағы дәмханалардың бірінде отырған ер адам көрші үстелге жайғасқан қызды биге шақырады. Қыз оның бұл ұсынысынан бас тартқан. Сол кезде ашу қысқан азамат шыныдан жасалған стақанды қыздың басына лақтырады, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
2017 жылдың жаз мезгілінде Зырян қаласының Фрунзе көшесінде орналасқан дәмханаға сағат 23.00-шамасында бас сұққан Болатбек (адам аттары толықтай өзгертілген) таныстарымен бірге ішімдік ішеді. Сағат тілі 03.00-ге таяғанда ащы суға біршама тойып алған Болатбектің көрші үстелде отырған Ләззатқа көзі түседі.
1986 жылғы ер адам оны биге шақырған, бірақ ол оның бұл ұсынысына «жоқ» деп қысқа қайырады. Бұнысына ашуланған Болатбек өз үстелінен арақ құйылған стақанды алып, оның ішіндегісін қыздың басына төгіп, кетіп қалады. Еркектің бұл бассыз әрекетіне аң-таң болған Ләззәт жауабын ұзақ күттірмеді – үстел үстіндегі стақандағы шырынды Болатбектің басына шашып жібереді. Осы кезде Зырян қаласының тұрғыны болған Болатбек лезде атып тұрып, шыныдан жасалған стақанды қызға қарай бағыттап лақтырған. Стақан Ләззаттың дәл басына тиіп, сынады. Осының салдарынан жәбірленушінің миы шайқалып, маңдайы жарақаттанған. Ал Болатбек болса бірден дәмханадан ізін суытады.
Сот барысында Ләззат Болатбекпен татуласқанын айтып, айыпталушыны қылмыстық жауапкершілікке тартпауды сұрады. Тараптардың медиативтік келісімге келуіне байланысты Зырян аудандық соты ҚР ҚК-нің 293-бабы, 1-бөлімімен айыпталған сотталушыны құрықтан босатты.